ҰБТ жолы – жасөспірімнің өсу кезеңінің айнасы. Мақала
Алматы қаласы
Медеу ауданы
№7 ЖББМ КММ
11 «Ә» сынып оқушысы
Ахмет Айдана Бектұрқызы
ҰБТ жолы – жасөспірімнің өсу кезеңінің айнасы
1-сыныпта ҰБТ – барлығымыз үшін ең үлкен сынақтардың бірі. Алғашында жай тест болып көрінгенімен, дайындала бастағанда ойың өзгеріп, уайым көбейеді. ҰБТ-ға дайындық бізді сабырлыққа, жауапкершілікке, алға мақсат қоя білуге, уақытты тиімді пайдалануға жəне болашаққа тік қарауға үйретеді.
Бұл жолда шаршау да, стресс те, жылау да, күлу де болады. Кейбір күндері мотивация жоғалып, барлығын тастағың келеді, ал кейбір күндері бəрін қайтадан бастағың келетін кездер болады. Бірақ мотивация уақытша, ал дисциплина əрдайым жанымызда екенін ұмытпайық. Сондықтан əр күнімізді жоспарлап үйрену керек деп ойлаймын. Осының бəрі жасөспірімнің мінезін қалыптастырып, оларды үлкен өмірге дайындайды.
Сынақтардан құлап қалатын кездер де болады. Сол кезде берілмей, ары қарай жылжу керек. Қиындықты жеңген сайын өзіңе деген сенім артады, болашаққа деген үміт пайда болады. Қасындағы достарыңмен бірге дайындалу да күш береді: бір-біріңді қолдаған сайын алға жылжуға мотивация көбейеді əрі ҰБТ жолын қызықты өткізуге мүмкіндік болады.
ҰБТ бізге болашақ туралы ойлануға, өз-өзіңді тануға мүмкіндік береді. Қай бағытқа бару керегін, өзіңе не ұнайтынын жақсырақ түсіне бастайсың. Сондықтан ҰБТ – тек емтихан емес, адамның ішкі өзгерісін көрсететін кезең деп ойлаймын. Дайындық үстінде шаршаған сəттер болса да, əр өткізген күнің өзіңе пайда болып жатқанын сезесің. Ең бастысы – осы жолда өз мүмкіндіктеріңді ашып, өзіңе жаңа мақсаттар қоя бастайсың жəне барлығы болашағың үшін екенін түсіне бастайсың. Өз болашағың өз қолында екенін түсінгенде, ҰБТ жолын тиімді пайдаланасың.
Осы кезеңнен қазір өзім де өтіп жатырмын. Осы сезімдердің барлығы өз басымнан өтуде. Шаршаған, қиналған кездерде бір күнді өзіме арнап, демалыс жасаймын жəне қолдауды жақындарымнан аламын. Кейде жай ғана өзімді қолға алып, өзіме өзім сенім білдіремін. Достарыммен бірге дайындалу, олармен болашағымызды ойлау – мен үшін үлкен мотивация. Осы жолдан мен ғана емес, көптеген жасөспірім өтіп жатыр.
Əрине, 16–17 жаста болып, өз болашағыңды ойлау, ата-анаңның үмітін ақтауды ойлау, таңдау жасау өте қиын. Бірақ балалық шақпен қоштасып, болашаққа қадам жасауымыз керек. Əр жасөспірімге тілерім – тек грант бұйырып, ата-ана үмітін ақтау нəсіп болсын. Мен қазір болашағым үшін қиындықтарға қарамастан, күні-түні еңбектеніп жүрмін.
Себебі əр қиын кезеңнен кейін міндетті түрде қуаныш келеді. Сіздер де осыған сеніңіздер, мүлдем қорықпаңыздар.
ҰБТ – өмірдің соңы емес. Бұл – жаңа жолдың басы. Осы кезеңнен өткен əр оқушы өсіп, алдағы өміріне дайын бола түседі. ҰБТ-дан құласаң да, өмірден құлама. Еңбектенген адам міндетті түрде нəтижесін көреді деп ойлаймын.