14 наурыз – Көрісу күні
14 наурыз – Көрісу күні (Амал мерекесі) – қазақ халқының көне дәстүрлерінің бірі. Бұл күні адамдар бір-бірімен арнайы көрісіп, амандасып, қыстан аман шыққанымен құттықтайды.
Аталған мерекеге байланысты мектеп парламентінің мүшелері белсенділік танытып, мектеп ұжымын және оқушыларды Көрісу күнімен құттықтады. Іс-шара барысында парламент мүшелері сыныптарды аралап, оқушыларға мерекенің мән-маңызы туралы түсіндіріп, бір-біріне ізгі тілектер айтуға шақырды. Оқушылар өзара қол алысып, «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!» деп жылы лебіздерін білдіріп, ұлттық дәстүрге сай көрісу рәсімін орындады.
Сонымен қатар, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету қағидалары насихатталып, оқушылар арасында татулық пен сыйластықты арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Бұл күн оқушылардың бойында ұлттық құндылықтарға деген құрметті қалыптастырып, өзара қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етті. Аталған іс-шаралар мектепте жағымды атмосфера қалыптастырып, оқушылардың бір-біріне деген ізгі ниеті мен құрметін арттырды.
