«Шаңырақ – отбасының берекесі»
«Шаңырақ – отбасының берекесі» тақырыбында мектебімізде мазмұнды әрі тағылымы мол іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шараның басты мақсаты – оқушыларға қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттау, отбасы құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелеу болып табылады.Іс-шара барысында қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлері кеңінен таныстырылды. Атап айтқанда, «Тұсау кесу» және «Бесікке салу» рәсімдері сахналық көрініс арқылы көрсетіліп, олардың тәрбиелік мәні мен маңызы түсіндірілді. Бұл көріністер оқушыларға ұлттық құндылықтардың терең мағынасын ұғынуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, ұл балалар арасында қазақтың ұлттық ойындарының бірі – арқан тарту жарысы ұйымдастырылып, оқушылар күш сынасып, ептілік пен бірліктің үлгісін көрсетті. Бұл ойын арқылы балалардың шапшаңдығы, ұйымшылдығы және ұлттық ойындарға деген қызығушылығы артты. Іс-шараның ерекше бөлігінің бірі – «Әжелер мектебі» болды. Ақ жаулықты әжелеріміз қыз балаларға отбасының ұйытқысы, шаңырақтың берекесі қыз бала екенін түсіндіріп, ұлттық тәрбие, әдептілік, инабаттылық жөнінде тағылымды әңгімелерімен бөлісті. Бұл кездесу қыздардың бойында ұлттық тәрбие мен адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына оң әсерін тигізді. Аталған іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оқушылардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырды. Осындай тәрбиелік мәні зор шаралар жас ұрпақтың бойында ұлттық рухты нығайтып, отбасы құндылықтарын қадірлеуге баулиды.